Эхинококкоз — ауыл шаруашылығы жануарлары мен адамда кездесетін, созылмалы ағыммен сипатталатын ауыр паразиттік ауру. Ауру қой, шошқа, ірі қара мал, ешкі, жылқы арасында тіркеліп, мал өнімділігінің төмендеуіне және малдың өлуіне байланысты олардың иелеріне айтарлықтай экономикалық зиян келтіреді.
Эхинококкоздың қоздырғышы — таспа құрттың дернәсілдік сатысы. Жануарлар мен адам ағзасына түскен кезде әртүрлі көлемдегі, сұйықтыққа толы көпіршік тәрізді паразиттік кисталар түзіледі. Олар іс жүзінде барлық ағзаларда (өкпеде, бауырда, бүйректе, асқазанда, мида және т.б.) орналасуы мүмкін.
Эхинококк көпіршіктері өсу барысында тіндерді қысып, олардың атрофиясын туындатады және зақымдалған ағзалардың физиологиялық қызметін бұзады, сондай-ақ бүкіл ағзаға уытты әсер етеді. Ауру созылмалы түрде өтеді және айқын белгілерсіз дамиды. Кейінгі кезеңдерде ауру мал біртіндеп арықтап, кейде қатты жүдеп, әбден әлсірейді.Ауыл шаруашылығы жануарлары эхинококкозбен иттердің және ит тұқымдасына жататын басқа да жыртқыштардың (қасқыр, түлкі және т.б.) ішегінде ересек сатысында паразиттік тіршілік ететін гельминттің жұмыртқаларымен залалданған азықты жеген кезде жұқтырады.
Иттер паразиттің дернәсілдерімен залалданған ішкі ағзалар мен етті жегенде, сондай-ақ өлген жануарлардың өлекселерін жеген кезде ауру жұқтырады. Адамға эхинококкоз ауру итпен жанасу немесе паразит жұмыртқаларымен ластанған тағам өнімдерін пайдалану арқылы жұғуы мүмкін.Адамдардың эхинококкозды жұқтыруының алдын алу үшін ит өсірумен, аңшылықпен және мал шаруашылығымен байланысты жұмыстар атқаратын адамдар жеке бас гигиенасы ережелерін сақтап, иттерді кемінде тоқсанына 1 рет дегельминтизациядан өткізуі қажет.

