Ресми интернет-ресурсқа қош келдіңіз

Иелері халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын үй жануарларын есепке алу.

2023 жылғы 1 қыркүйектен бастап «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес есепке алынуға тиіс үй жануарлары тізбесіне енгізілген, жеке және заңды тұлғаларға меншік құқығымен және өзге де заттық құқықтармен тиесілі, оның ішінде жануарларға арналған панажайлардағы, жануарларды уақытша ұстау пункттеріндегі, жануарларға арналған оңалту орталықтарындағы, зоологиялық питомниктердегі үй жануарлары міндетті есепке алынуға, жануар иесі ауысқан жағдайда үй жануарларын есепке алу қағидаларында көзделген дерекқорда міндетті қайта есепке алынуға жатады.

Облыста «ТАNBA» жануарларды есепке алу ақпараттық сервисі жұмыс істейді.

Үй жануарлары есепке алу бұйымдарын (құралдарын) пайдалану арқылы ақылы түрде есепке алынады. Үй жануарларын есепке алу қағидаларына сәйкес үй жануары иесі есепке алу бұйымын (құралын) (чиптер, болюстер және басқалары) өз бетінше таңдап және өз бетінше сатып алады.

Үй жануарларын есепке алу қағидаларына сәйкес халықтың әлеуметтік осал топтарының үй жануарларын облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары құрған мемлекеттік ветеринариялық ұйымдар бюджет қаражаты есебінен есепке алады.

«Тұрғын үй қатынастары туралы» ҚР Заңына сәйкес халықтың әлеуметтiк жағынан осал топтарына:

— Ұлы Отан соғысының ардагерлері (жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген ардагерлер, басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері);

— бірінші және екінші топтардағы мүгедектігі бар адамдар;

— мүгедектігі бар балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасылар;

— денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекiтетiн аурулар тiзiмiнде аталған кейбiр созылмалы аурулардың ауыр түрлерiмен ауыратын адамдар;

— жасына қарай зейнет демалысына шыққан зейнеткерлер;

— кәмелетке толғанға дейiн ата-аналарынан айырылған жиырма тоғыз жасқа толмаған жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар;

— қандастар;

— экологиялық зiлзалалар, табиғи және техногендi сипаттағы төтенше жағдайлар салдарынан тұрғын үйiнен айырылған адамдар;

— «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен наградталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған көпбалалы аналар, көпбалалы отбасылар;

— мемлекеттiк немесе қоғамдық мiндеттерiн, әскери қызметiн орындау кезiнде, ғарыш кеңістігіне ұшуды дайындау немесе жүзеге асыру кезінде, адам өмiрiн құтқару кезiнде, құқық тәртiбiн қорғау кезiнде қаза тапқан (қайтыс болған) адамдардың отбасылары;

— толық емес отбасылар жатады.

Бұл қызметті тегін алу үшін белгілі бір топқа қатынасын растайтын құжатты ұсыну қажет.

Үй жануарын есепке алу кезінде оған үй жануарларын есепке алу қағидаларында белгіленген тәртіппен үй жануарының жеке нөмірі беріледі.

Есепке алынған үй жануарларының иелері үй жануарлары өлген сәттен бастап он тәуліктен аспайтын мерзімде бұл туралы облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары құрған мемлекеттік ветеринариялық ұйымдарды не ветеринария саласындағы емдеу-профилактикалық кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын жеке немесе мемлекеттік емес заңды тұлғаларды хабардар етуге міндетті.